Ақтөбеде шаруашылықтағы сиырлардың қарасан ауруынан өлгені белгілі болды

қарасан
Фото: pixabay

Ақтөбеде 9 бас ірі қараның қарасан ауруынан өлгені белгілі болды. Сараптама қорытындысы осыны көрсетті, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының хабарлауынша, өлген малдан алынған сынама қорытындысы бүгін шықты. Онда сиырлардың қарасан ауруына шалдыққаны белгілі болды.

- Ақтөбе облыстық ветеринариялық зертханасының сараптау актісінің нәтижесіне сәйкес қарасан ауруына оң нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда анықталған эпизоотиялық ошаққа Тоқмансай ауылдық округі әкімінің шектеу қою туралы шешімі күтіліп отыр. Сауықтыру іс-шараларын «Эпизоотияға қарсы жасақ» РМК мамандары жүргізеді. ҚР Заңнамасына сәйкес мал иесіне келтірілген шығын республикалық бюджеттен төленеді,- деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы.

Еске салсақ, 22-27 күндері аралығында Алға ауданы Тоқмансай ауылдық округінде «Өлетті» шаруа қожалығында 9 бас ірі қара өлді. Ветеринар мамандар алдымен уланған деп болжам жасады. Бірақ болжам расталмай, қарасан ауруы анықталды. Ветеринар мамандар жануарлардың барлық өлексесін Тоқмансай елді мекеніндегі мал қорымына апарып, залалсыздандырды.

Осыған дейін Ақтөбе облысы Алға ауданындағы шаруашылықтардың бірінде 9 мүйізді ірі қараның өлексесі анықталғанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар