Ақтөбеде шегіртке тараған 700 мың га жердің жартысынан астамы өңделді

1,1 млн гектар аумақ шегірткеге қарсы өңделді
Фото: АШМ

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде қазір көршілес Ресеймен шекаралас аудандарға басымдық берілді. Шегіртке жұмыртқасы Әйтеке би ауданынан табылды. Ал оңтүстік аудандарда ұшу дерегі тіркелген.

Ақтөбе облысында 700 мың гектардан астам жер италиялық шегірткеге қарсы өңделуі тіс. Қазіргі кезде 470 мың гектары өңделді. 

— Өңдеу жұмысы жүргізілген соң кей жерлерде кішкене шегіртке қалып қояды. Сондай деректерді тұрғындар видеоға түсіріп алып, таратып жібереді. Жаппай ұшу дерегі тіркелмеді. Қазіргі кезде облыс бойынша 470 мың гектар аумақ шегірткеге қарсы өңделді. Әр аудандағы жағдай әртүрлі. Облыстың оңтүстік аудандарында шегіртке жасы үлкейсе, Әйтеке би ауданында әзірге кішкентай. Егінге, бау-бақшаға зияны туралы шағым түспеді, — деді ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров.

Қазіргі кезде аумақтық инспекция мен республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиал мамандары көршілес Ресей мамандарымен бірге мониторинг жасап отыр. 

— Екі елде де кездесу, мониторинг жүріп жатыр. Екі жақта да шегірткені ұшуға жеткізбей, анықтау, улау жұмысы атқарылады. Техника бар. Әзірге егінге түсті деген ақпарат жоқ. Кейде жолға шығып кетеді. Анықталса, міндетті түнде улайды. Жалпы облыста 1,6 млн гектар жер тексерілді. Оның ішінде 472 мыңы өңдеуге жатады деп белгіленді, — деді Гарифулла Жолаев. 

Ақтөбе облысы үшін қазір Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк аудандарында бақылау күшейтілді.

— Әйтеке би ауданында қазір шегіртке шығып жатыр. Бірақ жаппай шығу тіркелмеді. Әр жерден ғана шығады, оны улаймыз. Сонымен бірге Мәртөк, Қарғалы аудандарында да осындай жағдай. Ал өзге аудандарда алды қанаттанып жатыр. Бұл жаппай ұшады деген сөз емес. Көп дегенде 50-100 метр жерге ұшады. Оны дер кезінде улайды, — дейді республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ақтөбе облыстық филиал басшысы Гарифулла Жолаев. 

Еске салсақ, шегірткеге қарсы улау жұмысына барлығы 105 техника жұмылдырылды.

Арасында Ан-2 ұшағы, дельтаплан немесе аса жеңіл ұшақ, аэрозольды генератор мен УАЗ автокөлігіндегі жер үсті бүріккіштері бар. 

Анықтау кезінде мамандар құм арасына кіре алмай отыр. Себебі онда кіретін жол талғамайтын техника жоқ.

Соңғы жаңалықтар