Ақтөбеде тал түсте ер адамды бейтаныс біреу пышақтап кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде ер адамды бейтаныс біреу балаларының көзінше пышақтаған. Қазір жәбірленуші ауруханада ем алып жатыр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде күйеуін белгісіз адамның пышақтап кеткенін жазды.
Оқиға кеше сағат 15:00 шамасында болған. Ақтөбе қаласының негізгі даңғылдарының бірінде оның балаларына егде жастағы ер адам тиіскен. Үлкен ұлы 5 жасар інісінің жанында жүрген кезде әкесі жұмыстарымен кетіп қалады. Сол кезде бейтаныс адам балаларды сыпырғышпен ұрады. Тіпті кенжесін жанына алып, үлкенін оған жолатпаған. Сол кезде әкесі келіп, бейтаныс адамды сабырға шақырады. Дегенмен екі ер адам келісе алмай, 69 жастағы күдікті ер адамды балаларының көзінше пышақтайды. Осы оқиғадан соң қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
— Полиция пышақтау фактісі бойынша күдіктіні ұстады және бөлімге жеткізді. Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазір бұлтартпау шарасы туралы мәселе шешіліп жатыр, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған жәбірленуші Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының хирургия бөліміне жеткізіліп, ота жасалды. Қазіргі кезде науқастың жағдайы орташа ауыр. Науқас есін біледі және ем қабылдап жатыр. Әзірге оқиғаға не себеп болғаны айтылмады.
Еске салсақ, Ақтөбеде баласы үшін әкесі жаза арқалады. Жасөспірім телефон ұрлап, әкесі 5 тәулікке қамалды.