Ақтөбеде тасқыннан қираған үйлер қашан бұзылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Тұрғындар балалары үшін алаңдап, мектепке барар, үйге келер кезде шығарып салып, күтіп алып жүр. Кейде полициядан да көмек сұрайды.

Күн сайын жиналып, ішімдік ішеді, ұйықтайды — Ұлмекен апа
2024 жылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы Абрикос бау-бақша ұжымындағы 10-нан астам үй қирап қалды. Саманнан салынған үйдің бәрі жарамсыз болып, иелері тек ең қажеттісін алып кеткен.
Арада жылдан астам уақыт өткенде апатты үйлердің қабырғасы сөгілгенімен, кешкілік ішімдік ішетін адамдар жиналатын орынға айналды. Тұрғындар дабыл қағып, балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

— Бұл жер балалар үшін қорқынышқа толы. Адамдар түстен кейін жиналып, ішімдік ішеді, ұйықтап та алады. Дәл осылай жүргендеріне 3-4 айдың жүзі болды. «Аброкос» бау-бақша ұжымының төрағасы қалалық әкімдікке айтатын болды. Тез бұзып, тазартуын сұраймыз. Бұл жерге адамдар қоқыс та лақтырып жатыр, — деді Ұлмекен апа.

Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде балалар аулада болса, қазір мектепке барады, әрі-бері өтеді. Бәрі де жалғыз жүруден қорқып қалған.
— Полиция да шақырып, учаскелік инспектор қуып жіберіп жүрді. Бір күннен соң қайта жиналып отырады. Бәрі осы бау-бақша ұжымдарының адамдары. Үйі бар ма, жоқ па оны анық білмеймін. Ішіп отырады бәрі қосылып, — деді ол.
Дүкеннен нан алып келуге қорқатын күндеріміз болады — Света Айсауытова
Жасы 70-тен асқан Света Айсауытова бұған дейін «Абрикос» бау-бақша ұжымының төрағасы қызметін атқарды. Ондаған үйдің басын біріктіріп, газ, жол, электр тогы секілді проблемалық сұрақтарды шешумен айналысты.
Соңғы кездері бұл жұмыс қиынға соғып, өзгеге тапсырды. Дегенмен сайжай аумағындағы барлық проблеманы біледі, тұрғындарымен де таныс.

— Күндіз де, кешкілік те сыра, арақ ішіп отырады. Содан «бейнебақылау камерасын қойдым» деп айтып қойдым. Қазір мұнда жиналмайды. Біздің үйімізден әрі қарай да бірнеше үй қирап жатыр. Балалар мектепке барған кезде атасы мен әжесі, ата-анасы барлығы күтіп жүреді. Ал қауіпсіз аумақ болса автобустан түсіп, өздері-ақ үйіне барар еді. Үйді бұзу керек. Олар қажетті мүлкін алды да кетті. Әкімдікке де айтылды бұл мәселе, — деді Света Айсауытова.
Оның айтуынша, тек ер адамдар емес, әйелдер де қиранды маңына жиналуға әуес.
— Үйден шығуға қорқамыз. Нан бітіп қалса дүкенге бармай, үйде отырамыз. Арасында токты да, газды да ажыратпай кеткендер бар. Кейде бұл жерлерге балалар да ойнайды. Өте қауіпті. Бұл жаққа негізі ойын алаңы да керек, — деді ол.

Қираған үйлерді сүруге 250 млн теңге бөлінді — әкімдік
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы ауданының әкімдігі конкурстық рәсімдерді аяқтаған. Медігер — «Baltest» ЖШС.
Саяжай үйлерін сүру жұмыстары жақын арада басталады. Бірақ дәл қай күні екені белгісіз.
Мемлекеттік сатып алу порталынан Алматы ауданы әкімдігінің тапсырысы жайлы ақпарат іздедік.
Шын мәнінде конкурс аяқталған, сонымен бірге тазарту жұмыстарын өз міндетіне алған мердігерге қойылар талап жайлы ақпарат та бар. Мұнда № 1 және № 2 лоттың құжаттарын ашып қарауға болады.

Бірінде 105 үйді, екіншісінде 86 үйді сүруге келісім жасалды. Екі лоттың қанжысы 250 млн теңге болады.
— Бұзу объектісінің аумағын уақытша қоршау, инженерлік желілер мен коммуникацияларды (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, газдандыру, жылумен жабдықтау, кәріз, радиотелефон желілері және т. б.) ажырату, кран жолдарын төсеуге арналған орындарды дайындау (егер сметалық құжаттамада жүк көтергіш механизмдерді пайдалану көзделген жағдайда), — деп жазылған құжатта.
Сонымен бірге сүру жұмыстары кезінде шаң көтерілмес үшін үнемі су шашып тұру міндеттелді.

Кешкілік жарықтандырылып, тасымалдау кезінде жүк көліктері тасжолды ластамас үшін дөңгелек жуу қызметі де ұйымдастырылуы керек.
— Жұмыс орындарын, өткелдерді, өту жолдарын ұйымдастыру, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау, экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, аумақты механикалық және қолмен тазалау және жоспарлау, жұмысты орындау барысында алынған құрылыс қоқыстарын тиеу, шығару және кәдеге жарату, жер учаскесін тегістеу міндет, — деп жазылған келісімшарт құжатында.

Қоршаумен қатар тәулік бойы күзет те қойылуы тиіс.
Айта кетейік, 105 үйді сүруге 130 млн, ал 86 үйді сүруге 120 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.
Барлығы 191 үйді сүру жұмысы ақпанда қабылданғанымен мердігер енді ғана анықталды.
