Ақтөбеде Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа мектеп ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін қаланың 12-ші шағын ауданында аралас оқытылатын 600 орындық орта мектеп ашылды. Оның ашылуына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қатысты.
None
None

Жалпы алаңы 9259 шаршы метр мектеп барлық заманауи талаптарға жауап береді. Мектепте №46 негізгі мектептің және №51 гимназияның оқушылары білім алатын болады. Осылайша, ауданда үш ауысымдық оқыту проблемасы оң шешімін тапты. Мектеп салуға республикалық бюджеттен 785 млн. 434 мың теңге бөлінді.

Жаңа мектептің ашылуында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Мемлекет басшысының алға қойған міндетін іске асыру барысында алдағы үш жылда үш ауысымдық және апатты мектептердің жағдайын толықтай шешетін боламыз. Республикалық қаражат есебінен салынған бұл үш қабатты мектеп жаңа ұрпақ өкілдері - балаларымыз заманауи мектептерде оқысын, жоғары білікті мамандардан сапалы білім алсын деген ниеттен бой көтерді. Ақтөбе облысы әкімдігіне маңызды нысандарды сапалы әрі мерзімінде тапсырғаны үшін алғыс білдіріп, балаларды, ұстаздарды, ата-аналарды тамаша білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын және толағай табыс тілеймін» деді.

Облыс орталығының халқы артып келеді, сондықтан жаңа мектептер құрылысы да қарқынмен салынуда: қала маңындағы Жаңа Қоныс кентінде - 600 орындық, «Нұр Ақтөбе» шағынауданында - 1200 орындық және Өрлеу ауылында - 270 орындық мектептер салынуда. 2015 - 2017 жылдар кезеңінде «Батыс», «Батыс-2» шағынаудандарында, Нокин ауылында, «Кирпичный» және «Бауырластар» аудандарында 2160 орындық орта мектептер ашылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар