Ақтөбеде түнде көшеде қыдырып жүрген 500 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу шарасы өтті. Он күнде 500 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде түнде көшеде қыдырып жүрген 500 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді

Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, олардың түнде заңды өкілсіз жүрмеуін және ойын-сауық орындарына бармауын қамтамасыз ету мақсатында рейд өтті. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға алкоголь, темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау бағытында жұмыс атқарылды. Рейд 21-30 тамыз аралығында облыс аумағында «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу шарасы өтті.

«Жедел алдын алу шарасы барысында ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда, жергілікті жерлерде және жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді.

Жедел алдын алу іс-шарасының нәтижесінде ішкі істер бөліміне 537 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Оның ішінде 508-і өз үйінен тыс жерде заңды өкілсіз жүрген. 28 ата-ана бала тәрбиесінде өз міндеттерін атқармағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Полиция есебіне 47 кәмелетке толмаған жасөспірім және 40 қолайсыз отбасы қойылды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.