Ақтөбеде жабайы қабанды ұрып өлтіргендер жауапкершілікке тартылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көлікпен жабайы қабанды жаралап, күрекпен ұрған екі күдікті қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбелік полицейлер жабайы жануарға қатыгездік жасап, оны бейнекамераға түсіріп, таратқан күдіктілерді ұстады.
«Ақтөбе облысының табиғатты қорғау полициясы әлеуметтік желіге мониторинг жасап, »Лада-21214« көлігімен жабайы жануарды соғып, күрекпен қатты ұрып өлтіргендерді анықтады. Видео Алға ауданының аумағында түсірілген. Екі күдікті кінәсін мойындады. Олар Алға қаласынан шамамен 25 шақырым жерде жабайы жануарды қағып, жол жиегіне қарай қашқанда көлікпен қуып жетіп, күрекпен өлтіргенін айтты», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің «Заңсыз аң аулау және жануарларға қатыгез қарау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.