Ақтөбеде жаңадан салынып жатқан балабақша қабырғасынан дала көрініп тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ойыл ауданында 150 орындық балабақша салынып жатыр. Алайда тұрғындар қабырғасы сыр беріп, дала көрініп тұрғанын айтты.

Былтыр су тасқынынан соң өңірдегі білім беру саласында 5 нысан салу жоспарланды. Құрылыс жұмыстарына 6,4 млрд теңге қаржы сұралды. Нысанның үшеуі Ойыл, екеуі Мұғалжар ауданында. Ойыл ауданындағы 150 орындық балабақша – сол жоспардың бірі. Жоба құны – 1,4 млрд теңге. Тапсырыс беруші – Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасы. Ал мердігер - «BF. Элит - Құрылыс» ЖШС. Екі арадағы келісім былтыр шілдеде жасалды. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. Алайда екі қабатты балабақша қабырғасынан жарық пайда болды. Тұрғындар жіберген видеодан даланы да көруге болады.
- Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында балабақша ғимаратының (А блогы) қабырғаларында тік жарықтар түріндегі ақаулар бар екендігі анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша сәуір айында техникалық тексеру тағайындалып, қорытындысы алынды. Техникалық тексеру кезінде қабырға жарығының ұлғаю пішіні мен бағытын бақылау мақсатында қағаз, гипс және шыны бақылау маяктары орнатылып, қажетті уақытқа дейін бақылауға алынды. Нәтижесінде сыртқы күштің әсерінен жарықшаның көлемі мен формасы деформацияға ұшырамады. Қорытындыға сәйкес аталған кемшілік жойылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбеде былтырғы су тасқыны кезінде бұзылған, жарамсыз болған үйлер биыл сүрілуі тиіс.