Ақтөбеде жас футболшының өлімінен соң сараптама тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қазір сот-медициналық сараптамасы жүріп жатыр. Әзірге адамдардың неден мерт болғаны белгісіз.
Оқиға кеше Ақтөбе қаласында болды. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарлама түсіп, оқиға орнына құтқарушылар барды. Үй ішінен үш адамның денесі табылды.
— Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің қызметкерлері барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталып жатыр, — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдемге шақырту түскен. Алайда үш адам да ақ халаттылар барғанша мерт болған.
Айта кетейік, «Ақтөбе» ФК-ның ресми хабарлауынша, қайтыс болған футболшы — Арон Мұса. Онымен бірге әжесі мен немере ағасы да көз жұмды. 15 жастағы Арон «Ақтөбе U — 16» командасында ойнады.