Ақтөбеде «Жайлы мектептің» саны қысқарды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 18 «Жайлы мектептің» тек 14-і салынып жатыр. Төртеуі қысқарып қалды.

Ақтөбеде барлығы 14 «Жайлы мектеп» салынады. Оның екеуінде құрылыс аяқталды.
- Ақтөбе облысы бойынша 2023-2025 жылдарға 14 «Жайлы мектеп» құрылысы жоспарланды. Бұл үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге бағытталған ұлттық жоба. Оның қуаттылығы – 11 400 орын. 14 мектептің екеуінде былтыр құрылыс аяқталды. Олар: Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабы үшінші шағын ауданындағы 2 000 орындық мектеп және Ақжар-2 тұрғын алабындағы 300 орындық мектеп. Биыл өзге мектептің құрылысы аяқталады. Ақтөбе қаласы Оңтүстік-батыс ауданындағы 300 орындық мектеп жыл соңына дейін, өзгелері жаңа оқу жылына дейін беріледі. Барлығына 80 млрд теңге жұмсалады. Үш жылдық жоспардың жұмысы, - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Еске салсақ, әу баста Ақтөбе облысында 18 «Жайлы мектептің» құрылысын жүргізу жобасы бекітілді. Былтыр оның 14-і қолданысқа берілуі тиіс еді.

Алайда қазір тек 2 мектептің құрылысы аяқталып тұр. Оның өзінде сабақ болып жатқан жоқ.
- Қазіргі кезде оқушылардың құжатын қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Нақты қай уақытта ашылатыны алдағы уақытта белгілі болады, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ақтөбеде 4 мектеп құрылысы қысқартылды. Олар - Ақтөбе қаласы Сарбаз, Батыс-3, Қызылжар-3 тұрғын алаптары мен Шалқар ауданы Бозой ауылындағы мектеп.
- Қаржы тапшылығына байланысты төрт мектеп қысқартылды. Оның ішінде Бозойдағы мектеп тізімнен шығарылды. Ол жерге мектеп жергілікті бюджеті есебінен салынады. Жоба жасалып жатыр, құрылыс биыл басталады, - деді Аслан Жарасбаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бозой ауылындағы мектеп апатты жағдайда деп танылған.