Жайлы мектеп: Ақтөбеде бір мектептің құрылысы мүлде тоқтап қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Шалқар ауданы Бозой ауылында 300 орындық мектеп құрылысы тоқтап қалды. Егер жоба аясында құрылыс жалғаспайтын болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуі мүмкін.

Жайлы мектеп: Ақтөбеде бір мектептің құрылысы мүлде тоқтап қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Ақтөбе облысы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп салынуы тиіс. Оның 14-ін биыл қолданысқа беру жоспарланған. Қазіргі кезде Бозойдағы мектеп құрылысы тоқтап тұр. Тіпті құрылыс бұл жоба аясында жалғаспауы мүмкін.

«Жері берілді. Тегістеу, қазу жұмысы басталғанымен құрылыс жалғаспады. Құжаттарында кемшіліктер болған сияқты. Қазір құрылыс толық тоқтады. Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сонымен бірге облыстық білім басқармасымен бірге 320 орындық мектепке өтінім беріп отырмыз. Бұрын да 320 орындық мектеп жобасы болды өзімізде. Келер жылға өтінім беріп отырмыз», - деді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехан. 

Бозойдағы мектеп 1997 жылы салынған. Апатты деп танылғанына 3 жыл болды. 

Жайлы мектеп: Ақтөбеде бір мектептің құрылысы мүлде тоқтап қалды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Апатты дегенде құлап қалайын деп тұрған мектеп емес. Жарық пайда болған жағын босатып қойдық. Бір жақ қапталында жарық бар. Қазір бұрынғы балалар интернат ғимаратында, мектептің бір бөлігінде екі ауысымда оқып жатыр. Онда 560 бала бар. Үш жылдан бері солай оқып жатыр», - деді Жанболат Жидехан.

Еске салсақ, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептің 13-і Ақтөбе қаласында орналасқан. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кейбірінде жобасы қате болып шықты. Жобалаушылар жобаны дұрыс жасамаған соң сараптамадан өте алмаған. 

Соңғы жаңалықтар