Ақтөбеде жер телімін беруге мораторий қанша уақытқа созылатыны белгісіз
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында бүгінге дейін 50 мыңға жуық жер телімі берілген. Қазіргі кезде қалада 167 мыңға жуық, аудандарда 38 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр.

Ақтөбе облысының аудандарында жер телімін беру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Алайда Ақтөбе қаласында 2019 жылы мораторий жарияланып, оның қай уақытқа дейін созылары белгісіз. Себебі бұған дейін берілген жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылым әлі толық жеткізілмеді.
- 2003-2007 жылдар аралығындағы кезекте тұрған азаматтарға 2014 жылдан 2021 жылға дейін 29 240 жер учаскесі бөлініп берілді. Жалпы 2005 жылдан бастап қалада 38 766 адамға жер телімі берілді. Қазіргі кезде әлі де 166 929 адам жер алу үшін кезекте тұр. Ол азаматтарды 10 сотық жер учаскесімен қамтамасыз ету дайындалған бос алаңдарды (жер учаскелерін) инженерлік желілермен қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда дайын алаңдардың болмауына байланысты жер бөлу жұмыстары уақытша тоқтатылып тұр,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, аудандарда бүгінде 38 347 адам өтініш берген. Олар: Алғада - 13 405, Әйтеке биде - 615, Байғанинде - 769, Қарғалыда - 1458, Мәртөкте - 5022, Мұғалжарда - 6117, Темірте - 2087, Ырғызда - 818, Хромтауда -6174, Шалқарда -1882. Биыл аудандарда 201 (Алға-20, Қарғалы-13, Қобда-12, Мәртөк-13, Темір-22, Ойыл-21 Хромтау-100) жер телімі бөлінді.
- Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымы жоқ орындарға инженерлік-коммуникация желілерін жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп, бюджеттік өтінімдер ұсынып жатыр. Осылайша құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынып, тұрғындарға жер телімдерін беру мәселесі шешіледі,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы.
Оның айтуынша, 2005 жылдан бастап аудандарда 10 854 жер телімі берілді.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері Ақтөбе қаласында 27 мыңға жуық адамға 10 сотықтан жер берілді. Қалада 54 тұрғын алабы болса, жаңадан бой түзеген елдімекендерде су, жарық, газбен қоса жол, әлеуметтік нысандар жоқ.