Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені айтылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында DAF жүк көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Самара-Шымкент тасжолындағы жол-көлік апатынан соң оқиға орнына облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов те барды. Ол алдын ала болжамды айтты.
— Жүк көлігі қарсы бағыттағы жол жолағына шыққан. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Белгілі болғандай, «ГАЗель» көлігі Жүргенев атындағы ауылдан облыс орталығына ресми түрде жолаушылар тасымалдаумен айналысқан. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деді облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері Самара -Шымкент тас жолында 89 жол оқиғасы тіркелді, 25 адам қаза тапты, 181 жарақаттанды. Ал Ақтөбе — Қарабұтақ арасында 47 жол-көлік оқиғасы болып, 13 адам қаза тапты, 111-і жарақаттанды.
Айта кетелік Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапқан еді. Жол апатынан аман қалған үш адамның жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа. Сондай-ақ Ақтөбеде жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды. ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді.