Ақтөбеде жол жөндеу жұмыстарына биыл 70 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Барлығы 518 шақырым жол жөнделеді. Оның көбі республикалық бағытта.

жол салу
Фото: ҚазАвтоЖол БҚО филиалы

Ақтөбе облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, 2026 жылы өңірде 518,2 шақырым жол жөнделеді. Оның 227,5 шақырымы республикалық, 218,2 шақырымы жергілікті, 72,5 шақырымы қала және аудан жолы. Бұл жұмыстарға 73,4 млрд теңге қарастырылды.

- Жол құрылысы мен жөндеуді уақытылы бастау үшін қазір қажетті материалдар дайындалып жатыр. Ең бастысы – битум. Облысқа 30-40 мың тоннасы қажет болса, оның 16 мың тоннасы бар,- деді Ақтөбе облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Күрделі жөндеу Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанова көшесінде, Шалқар-Бозой бағытының 95-115 шақырымы, Ақтөбе-Орск-Петропавловка-Хазірет бағытының 0-7 шақырымы аралығында жүргізіледі. Сонымен бірге Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк, Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі, Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск жолдарының бірнеше бөлігіне орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарға қаржы бюджеттен қарастырылған әрі бәрі де облыстық маңызы бар жол.

Ақтөбе қаласы бойынша Астана тұрғын алабының жобасына өзгерту енгізіліп, Бауырластар-1,2, Ақжар-2, Өрлеу тұрғын алаптарына жол салынады. Қала іргесіндегі Шилісай ауылының негізгі көшесі асфальтталады. Сонымен бірге ондаған көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Айта кетейік, Ақтөбеде туристік нысандарға апарар жолдар да салынып жатыр. Биыл Қарғалыдағы Қасқыр сарқырамасына, Қобда ауданының Абат Байтақ кесенесіне апарар жолдың жөндеу жұмыстары аяқталады.

Бұған дейін Ақтөбеде жөнделетін республикалық маңызы бар жолдар туралы жазылды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум