Ақтөбеде жолда қалған шетелдіктер жылыту пунктіне жеткізілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мәскеуден Тәжікстанға бағыт алған автобус бұзылып, 57 адамды жылыту пунктіне жеткізілді. Сонымен бірге Ташкенттен Мәскеуге бағыт алған өзбекстандықтар мектепке орналастырылды. 

Ақтөбеде жолда қалған шетелдіктер жылыту пунктіне жеткізілді
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысында боран, аяз салдарынан көліктер жолда қалып жатыр. Әйтеке би ауданы аумағында автобус бұзылып қалған. Мәскеу қаласынан Тәжікстанға бағыт алған автобуста 57 адам, оның ішінде 3 бала болды. Оларға төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары көмектесті. Бәрі де Тәжікстан Республикасының азаматтары. Жолаушылар Қарабұтақ ауылындағы мешітте орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді. Ешкім дәрігер көмегіне жүгінбеді.

— Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында да авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қар құрсауында қалған екі автокөліктен Ташкент қаласынан Мәскеу қаласына жол тартқан Өзбекстан Республикасының 11 азаматы құтқарылды. Автокөліктер қардан шығарылып, Жосалы ауылына жеткізілді. Жолаушылар Жосалы ауылындағы орта мектеп базасында ұйымдастырылған жылыту пунктіне орналастырылды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, БҚО-да боранда жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды. Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округінің орталығы Жасқайрат ауылы маңында 57 жастағы ер адамның денесі табылды. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы, Казталовта 35-тегі ер адамның қаза тапқаны белгілі болды. Екеуі де үсіп кеткен

Соңғы жаңалықтар