Ақтөбеде жолдағы көктайғақта автобус пен жүк көлігі соқтығысты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе-Астрахань тас жолында облысаралық автобус жүк көлігіне барып соқты. Қоғамдық көлікте жолаушы болмаған, жүргізуші ауруханаға жеткізілді.
Ақтөбе-Астрахань тас жолында жол-көлік апаты болды. Оқиға сағат 9:30 шамасында тіркелген. Алға ауданына қарасты Тамды ауылының маңында Howa жүк көлігі мен Yutong маркалы автобус соқтығысты.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Ақтөбе облысы полиция департаменті ауа райының қолайсыздығы байланысты жол қозғалысының барлық қатысушыларына барынша мұқият және сақ болуға шақырады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына Алға аудандық ауруханасынан жедел жәрдем бригадасы барған. 59 жастағы жүргізуші жабық бас-ми жарақатын алған.
— Сол жақ қолында сүйегі жарылған. Ол Алға аудандық ауруханасына жатқызылды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бүгін Ақтөбеде қар жауды. Қазіргі кезде шиномонтажда кезек көбейді.