Ақтөбеде жолдағы қауіпсіздік күшейтілді

«Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шара 9 күнге созылды. Жол-патрульдік полициясы жол ережесін бұзған 4 мыңнан астам көлік жүргізушісін анықтады. Қазіргі уақытта көлікті мас күйінде жүргізетіндер де азаймай тұр. 100-ден астам адам шімдік ішіп, рульге отырған. Көлік жүргізуге құқығы жоқ 200 адам тіркеуге алынды. Көбі көлік жүргізуші куәлігін алмастан машина айдаған»,- деді облыстық ІІД баспасөз жетекшісі Нұргүл Қонақбаева. Жолда жүру ережесін бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал бұрын ішімдік ішіп, көлік жүргізгені үшін куәлігінен айырылған 8 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бабы бойынша жауапқа тартылады.