Ақтөбедегі оқушылар қаза болған жол апаты: Облыс әкімі істі өз бақылауына алды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жол-көлік апатына қатысты істі өз бақылауына алды. Оның айтуынша, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады, деп хабарлайды Kazinform.

Жол-көлік апатынан соң облыс әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желі арқылы өз пікірін білдірді.
— Бүгін облысымызда жантүршігерлік оқиға болды. Ырғыз ауданында көлік апатынан үш адам көз жұмды. Оның екеуі — республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатқан оқушылар.
Бұл — орны толмас қайғы. Өрімдей жас балалардың өмірін жалмаған жол-көлік оқиғасы елді дүр сілкіндірді. Өз тарапымнан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Қазіргі таңда шұғыл түрде құрылған жұмыс тобы Ырғыз ауданына жолға шықты. Олар оқиғаның мән-жайын анықтамақ. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау жан-жақты көрсетіледі. Сондай-ақ, полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады. Бұл жазатайым оқиға менің жеке бақылауымда болады», — деп жазды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Бүгін Ақтөбеде олимпиадаға бара жатқан оқушылар жол апатына ұшырады. «Самара – Шымкент» тасжолында болған жол-көлік апатынан екі оқушы мен мұғалім қаза тапты.
Қазіргі кезде үш оқушы ауруханада жатыр. Оқиғадан соң екі қылмыстық іс қозғалды.