Ақтөбедегі жас натуралистер стансасы жаңартуды қажет етіп тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы жас натуралистер стансасы мұнайға малынған аққу мен браконьерлердің оғынан қанаты қайырылған бүркіт пен қыранның, қасқырдың мекеніне айналды. Мұндағы жыртқыш құс пен аңды тамақтандыру үшін шикі ет қажет. Көбіне еріктілер көмектеседі. Ондаған жылдық тарихы бар стансаның бүгінгі жайын Kazinform тілшісі біліп келді.
70 жылдық тарих
Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасының негізі 1953 жылы қаланды. Содан бері 71 жыл өтті. Алғашында аумағы 5 га болған стансаның жан-жағында құрылыс көбейіп, тұрғын үйлер мен мектеп салынған. Қазір небәрі 1 гектар аумақты місе тұтып отыр. Онда 2011 жылға дейін тек ағаш, түрлі бақша өнімдері өсірілсе, қазір бірнеше жыртқыш аң-құс бағып отыр.
— Жас натуралистер стансасында 12 педагог жұмыс істейді. Кіші қызметкерді қосқанда 20 адам бар. Құстарды, аңды әдіскер Анатолий Осколков қарайды. Бұған дейін мұнда Асылбек Меркашев деген қызметкер еңбек етті. Қазіргі аң-құс тұрған тордың бәрін сол шебер өз қолымен жасап берген еді. Орталықтың ескі ғимараты 1953 жылы салынған. Оның жанында жылыжай бар. Сол апатты жағдайда тұр. 2011 жылы жөндеу жүргізілгенімен, бізге енді құстар мен жануарлар қыста мекен еретін қора керек, — деді Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасының директоры Орал Сенгалиев.
Қалалық жас натуралистер стансасы негізінен үш бағыт бойынша жұмыс істейді:
- жануарлар
- өсімдіктер
- экология.
Мұнда балалар 2011 жылы қоян әкеліп, жыл өткен сайын оның қатары көбейді. Қазір қояннан бөлек тауық, тауыс, қыран, аққу, көгершін мен тасбақа, екі қасқыр бар.
— Үйірмеге 630 бала келеді. Қазір келісімшарт негізінде 11 мектепте үйірме ұйымдастырылған. Сабақ табиғат аясында, кейде Жас натуралистер стансасының ішінде өтеді. Негізгі мақсат — сабақты табиғат аясында өткізу. Мұнда 18 түрлі ағаш бар. Барлығы 300 түп ағаш өсіп тұр. 1953 жылы еккен емен ең кәрісі саналады. Оның төменгі жағына орындықтар қойдық. Балалар келіп, ағашты құшақтап, саясында отырып, қуат алады, — деді Орал Сенгалиев.
Қанаты қайырылған аққу мен бүркіт
Жас натуралистер стансасындағы кептерлер адам жатырқамайды. Мұнда келген балалар оларды алаңсыз тамақтандырып, жем шаша алады. Сондай-ақ суда жүрген тасбақа да көп. Келушілер көбіне қанаты сынған аққу мен қыранды қызықтайды.
— Дала қырандары жаралы, аяғы, қанаты сынған. Бұларды далаға жіберсе, ұша алмайды. Сондықтан біз арнайы тор жасап, бағып отырмыз. Олар таза ет жейді. Күніне әрқайсысына 800 гр ет керек. Мұнда қазір 13 құс бар. Тор ішіне кез келген адам кіре алмайды. Әдіскеріміз Анатолий Осколков қарап, тамақтандырады. Жыртқыш құсқа кейде тауық етін де беріп отырамыз. Қысы-жазы далада тұрады, — деді Ақтөбе қалалық жас натуралистер станса директорының орынбасары Дидара Кенжеғарина.
Ал қос аққудың бірі 2016 жылы жеткізілді. Мұнай қалдығына батқан ақ құстың қауырсыны алғашында қап-қара болған. Мамандар кейін жуындырып, қалпына келтіріп алған.
— Еріктілер тауып алып келді. Біздің маман қауырсынын тазартып алды. Көбісі «неге далалыққа жібермейсіңдер» деп айтады. Аққу 6 айдан кейін адамға үйренеді. Күндіз аулада тұрады, кешкілік жылы орынға кіргіземіз.
Сонымен бірге стансада тауыс құстар бар. 2018 жылы Алматының жас натуралистер стансасынан Зейнет Әнуарқызы берді. Тауыстың ерекше қасиеті — сезгіш. Ауа райы өзгерсе, станса ішіне ит-мысық кіріп кетсе, бірден шулап, өзіне назар аудартады. Сәнді әрі ақылды құс. Қауырсын тастаған кезде жинап қойып, көрмелерге қоямыз. Қауырсын көктемде қайта шығады, — деді Дидара Кенжеғарина.
Қос қасқыр күніне 8 келі ет жейді
Барон мен Грей атты канадалық қасқырларды қала тұрғыны кезінде ит деп асыраған. Күшік кезінде еш айырмасын баймаған. Өсе келе әл бермей, шынжыр шыдатпайды. Иесі оны Жас натуралистер стансасына тапсырады. Стансада оларға арнайы тор жасалған. Қысы-жазы сонда тұрады.
— Қасқырды әкелген кезде қалай асырау керек екенін ойластырдық. Самарадағы зообақта көргенімізді еске түсіріп, тор жасалды. Біреуін ақтөбелік тұрғын, екіншісін журналист тапсырды. Бірі алғашында қорқып бір бұрышта жатты. Үш жылдан соң тор ішінде еркін жүруді үйренді. Күніне 8 келі таза ет жеуі керек. Ет тауып беру — проблема. Бюджеттен ақша бөлінбейді, — деді Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасының директоры Орал Сенгалиев. — Қазіргі кезде етті еріктілер, жанашырлар әкеліп береді.
«Димаш» бағы жеміс берді
Қалалық жас натуралистер стансасында «Димаш» алма бағы бар. 2017 жылы оқушылар 50 түп алма көшетін еккен.
— Дендробақ 2013 жылы ашылды. Ал 2017 жылы Димаш Құдайберген бағына көшет егілді. Ол да — балалардың ұсынысы. Алма ағаштары бүгінде жеміс берді. Негізі ағаштың барлығын балалар отырғызады, мамандармен бірге күтімін жасайды. 8-10 жастағы балалар осында үйренгенін ойға тоқып, біздің жанымызда ғана емес, өзге ортада да жасыл желекті баптай біледі деп есептейміз. Бәлкім, өсе келе өз бағын жайнатып, тіпті ауыл шаруашылығы бағытын таңдап, кәсіпкер де болар. Сонымен бірге балалар республикалық, халықаралық байқауларға қатысып тұрады. Ресейдің Самара облысындағы экология-биология орталығымен байланысып, нәтижелі жұмысты жіберіп отырамыз. 2013-2019 жылдары аралығында табиғатты зерттеп жүрген балалар демалысын сонда өткізді. Кейін карантин болып, байланыс үзілді. Үйде отырып, бос уақытында телефон қарағаннан гөрі осы дұрыс. Табиғатты аялау, құстарға қамқорлық танытуды үйренеді. Мұнда келген бала жаман болмайды, — деді Орал Сенгалиев.
Айта кетейік, мұнда биыл 3 мың адам келіп, аң-құсты тамашалады. Кіру ақысы балалар үшін — 200, ересектерге — 400 теңге. Қаржы жануарлардың азығына жұмсалады. Аулада өсетін орамжапырақ, сәбіз, жүгері қыс бойы қоян, аққу, тасбақаға беріледі.