Ақтөбедегі жол апаты: Қанат Бозымбаев Үкіметтік комиссияға тапсырма берді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы маңында болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелеріне тапсырмалар бергені мәлім болды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазіргі жағдай туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндады.
— Алты адам Ақтөбе облысы Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адамның жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа. Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиация арқылы тасымалдауға болатын барлық зардап шеккендерді Астанаға жеткізіп, қажетті ем ұйымдастыруды тапсырды, — делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Ақтөбе облысының әкіміне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.
Жол-көлік оқиғасының себептерін жан-жақты тергеумен Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы айналысуда, қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне вице-премьер «Самара — Шымкент» трассасының қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Айта кетейік, 23 қазан күні сағат 08:40–та республикалық маңызы бар «Самара — Шымкент» автожолының 927-шақырымында Өзбекстан азаматы басқарған «DAF» жүк көлігі Хромтаудан Қарабұтақ бағытына қарай шыққан кезде рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан «Газель» жолаушылар көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан екі автокөліктің жүргізушілері мен Ақтөбе облысының он тұрғыны (оның ішінде екі кәмелетке толмаған) оқиға орнында қаза тапты.
Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды.
Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды.
ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді.
Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.