Ақтөбелік полицейлер 13 деректің ізін суытпай ашты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Көлік ұрлығы» жедел-алдын алу шарасы өтті. Полиция қызмектерлері 13 деректің ізін суытпай ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі ІІД 1-6 тамыз аралығында «Көлік ұрлығы» шарасын өткізіп, көлік ішін тонағандар мен ұрланған қосалқы бөлшектерді, бейне тіркеу құралы мен автомагнитолды алып, сатумен айналысқандарды ұстады.
«Полиция көлік ұрлығының 13 дерегін анықтады. Барлығы 7 деректің ізі суымай ашылса, алтауы бұрын жасалғаны қылмыс болды. Шара кезінде 25 жастағы ұры ұсталды. Ол үш эпизодқа байланысты күдікті деп танылды. Көбіне ұрылар көлік ішіндегі құнды заттарды алып кетеді. Сонымен қатар, жүк көліктерінің аккумуляторын, автомогнитоласын алады. Негізі биыл және өткен жылы автокөлік айнасын ұрлау дерегі мүлде тіркелмеді»,- деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері көлік ішіндегі құнды заттардың жоғалуына адамдардың өзін кінәлап отыр. Себебі, иелері көлікті арнайы тұраққа емес, көпқабатты үйлердің ауласына қояды. Әрі көліктің көбіне дабыл жүйесі қондырылмаған.
«Қосалқы бөлшектер сататын дүкендер мен базарларда облыстық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі, қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері дәріс оқып, арнайы ескерту хабарламасын таратты. Арнайы есепте тұрған адамдар да тексерілді»,- деді баспасөз қызметі.