Ақтөбелік полицейлер тұрғындармен кездесуге шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік полицейлер тұрғындармен кездесуге шығып, өздерін таныстырып жатыр. Қазір қалада 100-ден астам учаскелік полиция қызметкері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік полицейлер тұрғындармен кездесуге шықты

Ақтөбе полицейлері аула ішіндегі жұмысты күшейтті. Учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен танысып, өздерінің байланыс телефондарын беруде.

«Аула ішіне барып, танысып, шағымдарын тыңдап жатырмыз. Көбіне мас күйінде тыныштық бұзатындарға шағым түседі»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД Жергілікті полция қызметінің аға инспекторы Азамат Өренбаев.

Ақтөбелік тұрғындар өзін таныстырып, жағдайын білген учаскелік полиция қызметкерлерін көріп, қуанып қалды. Олар тәртіп сақшыларына көмектесуге келісіп отыр.

«Кешкілік далаға шығып, аула ішінде отырамыз. Полиция келіп, танысса, жағдайымызды білсе, қарсы емеспіз. Суреті ілінеді, бір күннен соң оны жыртып кетеді. Сөйтіп қажет кезде таба алмай қаламыз»,- деді қала тұрғыны Алтын Қалешова.