9 млн-ға бағалаған - Ақтөбелік азамат өзінің ішкі ағзасын сатпақ болған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе прокуратурасы әлеуметтік желіге талдау жүргізіп, өз ағзасын сатпақ болған адамды анықтады. Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

донорство
Фото: Canva

Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Е. есімді азамат әлеуметтік желіге өзінің ішкі ағзасын сататынын жазып, хабарлама қалдырған. Кейін прокуратура қызметкерлері сол хабарлама иесін іздеп, тапты. 

- 2024 жылдың 25 қыркүйегінде прокуратураның бастамасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы аясында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өзінің ішкі ағзаларын 9 млн теңгеге заңсыз мәміле жасау арқылы сатпақшы болған E. есімді азаматты ұстады,- деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде осы істен соң Қылмыстық кодекстің 116-бабының 1-бөлігімен, яғни «Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Айта кетейік, Қазақстанда ағза сату ісі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ал Ақтөбе облысы бойынша қазір өңірде 300-ден астам адам бүйрек, бауыр ауыстыруды қажет етеді. Алайда 6 жылдан бері мәйіттік донор отасы тоқтап тұр.

Соңғы жаңалықтар