Ақтөбелік эпидемиологтар тұмау мен менингококк инфекциясынан сақ болуға шақырды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында биыл 9 адамнан менингококк инфекциясы анықталып, расталды. Эпидемиологтар 250 адамды тексергенімен, кімнің вирус таратып жүргенін анықтай алмай отыр.

Медицина
Фото: Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы

Ақтөбеде облысында қазан айынан бері 133 адамнан пневмония анықталды. Сонымен бірге менингококк инфекциясы да тіркеліп жатыр.

— Өте қауіпті инфекция 10-12 жыл сайын қайта өршіп тұрады. 2015 жылы 24 жағдай тіркелді. Содан кейін төмендеп, қалыпты болған еді. Арада он жылға жуық өтіп, қайта анықталып жатыр. Барлығы 9 жағдай зертханалық тексеріс кезінде дәлелденді. Оның бесеуі мектеп, екеуі балабақша балалары арасында анықталды. Былтыр біреуі ғана тіркелген екен. Биыл науқастармен байланыста болған 250 адам тексерілгенімен, кімнің танысымалдаушы екенін анықтау мүмкін болмады. Бұл инфекция найзағай тәрізді тез дамиды. Бірден қызу көтеріледі, ми қабынады. Дер кезінде емделмесе адам өліп қалуы мүмкін. Қызу көтеріліп, бас ауырса, өзін әлсіз сезінсе, жарықтан қорықса үйден ем қабылдамаған жөн, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Сонымен бірге өңірде биыл 46 мыңнан астам ЖРВИ-ден ем қабылдаған. Оның 68% пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар болып тұр.

— Былтырғымен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткісі 1,3 есеге артты. Мектеп оқушылары арасында 2700-ден астам жағдай анықталды. Көбі Ақтөбе қаласында тіркелді. Сонымен бірге тұмау вирусын анықтау мақсатында 1118 сынама алынды, зерттелді. Ешқайсысы расталмады, — деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде тұмауға қарсы 109 мыңнан астам вакцина сатып алынды. Оны арнайы есепте тұрған адамдардар, яғни, жүкті әйелдер, аурушаң адамдар мен медицина қызметкерлері қабылдайды.

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны 1,5 есе өсті. 

Соңғы жаңалықтар