Ақтөбелік мұғалім төрт түлік сүйегінен кәдесый жасап жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жылқының қарақұсы бір қарағанда сиырға, екінші жағын айналдырғанда қошқарға ұқсайды. Ал сиырдың ауыз омыртқасынан мысық пен қыран құсты көреміз. Шебер Бірлік Солтан қазір бар білгенін мектеп оқушыларына үйретіп жүр.
Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай орта мектебінің мұғалімі Бірлік Солтан атадан қалған шеберлік сырын балаларға үйретіп жүр. Өзі мұғалім әрі білім ордасында арнайы үйірме ашып қойды. Мұнда балалар малдың сүйегін ажыратып, оны өңдеп үйренеді. Ол үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Сүйек пен ағаш өңдеуге арналған құрал-сайман болса жеткілікті. Балалар егеу, ара ұстап та үйренеді.

– Малдың сүйегін іздеп жүрмейміз. Ет асқанда сүйек мүжіп, жинаймын. Кейін сода мен ыдыс жууға арналған сұйықтық қосып қайнатып, майынан ажыратып аламын. Бір күнде кебеді, яғни, өңдеуге дайын. Оқушылармен бірге одан түрлі кәдесый жасаймыз. Сүйектен түрлі дүние жасап жүргеніме 25 жылдай болды. Ал мектептегі қолөнер шебері үйірмесіне 5-9 сынып оқушылары қатысады. Аптасына төрт сағат беріледі, - деді қолөнер шебері Бірлік Солтан.
Мектеп оқушылары сүйектен түрлі кәдесый жасауға қызығады. Алайда өткір иіске кейбірі шыдамайды. Ал өңделген соң бәрін лактап, көз қызығатын дүниені бір-біріне тарту етеді.

– Сүйектен жасалған кәдесыйлар Қобда ауданының музейінде, сонымен бірге Алматыда өнер музейінде бар. Алғашқы кәдесыйларды қолқа салып сұрап алып, сонда қойды. Мұның бәрін әкемнен үйрендім. Олар да шебер болған. Ата-бабамыз малды қалдықсыз кәдеге жаратқан. Терісінен түрлі бұйым жасады, сүйегін де қолданды. Көбіне өзім ғана сойған малдың сүйектерін ғана жаратамын. Қолға ұқсағанда жаңа бір дүниеге ұқсатсам, жасап шығарамын. Мәселен жылқының қарақұсы бір қарағанда сиырға, екінші жағынан қарағанда қошқарға ұқсайды. Сиырдың ауыз омыртқасын екіге бөлгенде бірінен мысықтың бейнесі, екіншісінен қыран құстың бейнесін көреміз. Сонда бір сүйектен екі кәдесый шығып тұр, - деді ол.

Сонымен бірге қойдың жауырынына түрлі сурет салып, оны ойып, үстел үстіне қоятын кәдесый әзірлейді. Ешкі мүйізінен пышақтың қынын жасауға болады. Сиырдың мүйізінен балықтың бейнесін көруге болады.


Мектептерде еңбек пәні мұғалімдерінің көбі елімізде қолөнерді дамытып отыр. Мәселен Ырғыз ауданы Мамыр ауылындағы негізгі мектептің мұғалімі Қанатбек Жүнісов шалғай жерде отырып-ақ ағаштан, әйнектен, темірден түрлі бұйым жасайды. Ол ауыл балаларына шеберліктің қыр-сырын үйретіп жүр.