Ақтөбенің екі ауданында дағдарыс орталығы ашылды

АҚТӨБЕ. КазАқпарат - Ақтөбенің Алға және Мұғалжар аудандарында дағдарыс орталығы ашылды. Мұнда күйеуінен зәбір көрген әйелдер мен балалар орналастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің екі ауданында дағдарыс орталығы ашылды

Отбасылық жанжалдан, ерінен зәбір көрген әйелдер енді арнайы орталыққа орналастырылады.

Мұндай орталық тек облыс орталығында болса, қазір аудандарда да бар.

«Әйелдер мен балаларға қамқорлық жасау – еліміздің мемлекеттік саясатының ажырамас бөлігі. Мемлекет басшысы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларына ерекше назар аударып, оның құрбандарын қолдау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Алға және Қандыағаш қалаларында көмек көрсету дағдарыс орталығы ашылды. Орталықтың ашылуында облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында екі дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін, онда полиция қызметкерлері осы бағдарлама шеңберінде жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қатысуымен тергеу әрекеттерін жүргізетінін, сондай-ақ психологиялық және медициналық көмек көрсететінін хабарлады. Орталықтар Хромтау және Шалқар аудандарында да ашылады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі.

Еске салсақ, биылғы 9 айда күйеуінен зәбір көрген 100 мыңнан астам әйел полицияға қоңырау шалды.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесуде айтты.

Полиция қызметкерлері бірден оқиға орындарына барды. Алайда әйелдердің 62 пайызы жұбайының үстінен арыз жазудан бас тартқан.