Ақтөбенің айналасында 100-ден астам заңсыз қоқыс алаңы анықталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласының айналасында құрылыс материалдарының қалдығы, көлік дөңгелектері көп. Полицияға қоқысты кімнің төккенін анықтау қиын.
Экологтар мен полиция қоқыс үйілген аумақтарды барып қарады. Енді оны жергілікті әкімдік бюджеттен қаржы бөліп, полигонға тасуы тиіс.
— Орман алқабының аумағында құрылыс қалдықтар, тұрмыстық қатты қалдық, көлік дөңгелектері бар. Оларды кімнің тастап кеткені белгісіз. Егер кімде кім оны көріп, білсе, полицияға хабар бергені дұрыс. Әсіресе фото, бейнематериал болса дейміз. Қазіргі кезде экология департаменті полициямен бірге рейд жүргізеді. Тек қоқыстың үйілген жерін анықтап жүрміз, кімнің төгіп кеткенін білмейміз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдарға хат жіберілді. Экология кодексі 365-бабы 4-тармағына сәйкес коммуналдық қалдықтарды тазарту солардың міндеті, — деді Ақтөбе облыстық экология департаментің бас маманы — мемлекеттік экология инспекторы Гүлжайнар Әбдрахманова.
Биыл «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ы алғашқы екі түсірілімнің құжатын жіберді. Қазір облыс аумағында 108 қоқыс алаңы табылды. Оның ішінде Ақтөбе қаласының Астана ауданында 23, Алматы ауданында 52, Алға ауданында 21, Мәртөкте 12 учаске тіркелді. Бақылау қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
— Ғарыштан түсірілгенде 50 шақырым аумақты қамтиды. Оған Ақтөбе қаласы толық кіріп тұр. Сонымен бірге Мәртөк, Хромтау, Қарғалы, Алға аудандарының аумағы ілікті, — деді Гүлжайнар Әбдрахманова.
Ақтөбе облыстық ПД ЖПҚБ қазіргі кезде қоқысты кімнің лақтырып кеткенін анықтау үшін іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
— Жыл басынан бері 4 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, адамдар жауапқа тартылды. Көбі қала тұрғындары. Арасында кәсіпкерлер де бар, — деді Ақтөбе облыстық ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Серік Елеуов.
Еске салсақ, Ақтөбеде өндірістік қалдық та бар. Елек өзенін ластайтын Алға химия зауыты қалдығының қашан жойылары белгісіз.