Ақтөбенің прокурорлары 3,2 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыс прокуратурасы 3,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. Аталған қаражат автожолдарды салу және жөндеу, аумақтарды абаттандыру және өзге де әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерге жұмсалуы жоспарланған. Бұл туралы Облыстық прокуратура мәлім етті. 

Ақтөбенің прокурорлары 3,2 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл болды
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Прокуратура Ақтөбе қаласындағы А. Молдағұлова даңғылы бойындағы автомобиль жолын орташа жөндеу шартының құнын негізсіз арттырудың алдын алу шараларын қабылдаған.

— 2022 жылы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Нұрлы Жол-7» ЖШС арасында аталған жолды орташа жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге сомасына шарт жасалған. Алайда, жеткілікті негізсіз жоба-сметалық құн қайта есептеліп, шарт сомасы 1,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде шарт сомасы 300 млн теңгеге төмендетіліп, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік берілді, — делінген хабарламада.

Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады әрі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында болады.  

Айта кетейік, Маңғыстау көлік прокуратурасының қызметкері алаяқтық әрекет күдігімен ұсталды.

Соңғы жаңалықтар