Ақтолағай борлы тауы аумағына жақын маңда барлау жұмысы жүріп жатыр

АҚТӨБЕ.KAZINFORM – Ақтөбедегі Ақтолағай борлы тау маңында мұнай қорын анықтау үшін барлау жүріп жатыр.

Борлы тау
Фото: aqtobegazeti.kz

Ақтолағай борлы тауы маңындағы барлау жұмысы аяқталған соң оны өндіру келіссөздері жүргізілуі мүмкін.

— Байғанин ауданына қарасты Ақтолағай борлы тауы маңында көмірсутек шикізатының қорын анықтау үшін барлау жұмысы жүріп жатыр. Бұл жер қойнауын пайдаланушы мен ҚР Энергетика министрлігі арасындағы келісімшарт аясында атқарылып жатқан жұмыс. Барлау жұмысы аяқталып, қор хаттамасы бекітілген соң оны өндіру келісімі жүруі мүмкін. Бұл аумақ туралы көп сын айтылды. Жергілікті тұрғындар табиғи қорғалған жер деп қарсылық та білдірді. Кейін ерекше қорғалатын аумақ пен барлау жүргізілетін жердің аражігі ажыратылды, — деді Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов. 


Еске салсақ, былтыр тамызда Ақтолағай борлы тауы аумағындағы мұнай қорын анықтау үшін барлау жүргізілетіні белгілі болды. Тұрғындар мен қоғам белсенділерінің қарсылығынан соң Ақтөбе облыстық Экология департаменті ерекше қорғалатын аумақтың территорисын нақты анықтауды міндеттеді. Алғашында барлау Ақтолағай тауынан 2 шақырым қашықтықта деп көрсетілді. Кейін оны 9 шақырым деп өзгерту ұсынылды.