Алатау қаласының кеңесі құрамын Президент бекітеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын талқылауда арнайы Кеңес пен әкімшілік құзыреттері жөнінде баяндады.
15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Жаңа Конституцияда «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі» бекітілген болатын.
— Заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді. Алатау қаласының кеңесі — жоғары орган болып саналады. Кеңес қаланы дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Алатаудың мемлекеттік органдарын үйлестіруді қамтамасыз етеді. Кеңестің құрамын Президент бекітеді және ал оны Премьер-министр басқарады, — деді депутат Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Негізгі атқарушы орган, әкімшілікті — мемлекеттік қор нысанындағы мемлекеттік орган ретінде айқындау ұсынылды. Оған кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлық өкілеттік беріледі, ол инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық дамуды реттеуші функцияларын орындайды.
— Заң жобасында Алатаудың инвестициялық қатынастар, кәсіпкерлік қызмет, қала құрылысы саласы, цифрлық әкімшілендіру мәселелерінде өз актілерін қабылдау көзделеді. Алатау қаласының дамуына жәрдемдесу үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының жергілікті атқарушы органдары әкімшілікпен жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім жасасуға құқылы, — деді Нұртай Сабильянов.
Айта кетейік, Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді Премьер‑министр басқаратын кеңес айқындайды. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Ал салық жеңілдіктері тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.
Бұған дейін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев қандай жағдайда шетелдік инвестордан жер қайтарып алынатынын түсіндірген еді.