Александр Бублик Уимблдонда әлемнің 21-ракеткасын ұтып, үшінші айналымға өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бублик екінші айналымда әлемнің 21-інші, осы «Үлкен дулыға» жарысының 18-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар 2019 жылы Чэнду жарысында кездесіп, онда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы да А.Бублик сенімді ойнап, атақты қарсыласын 6:4, 7:6 (8:6), 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 26 минутқа созылды.

Матч барысында А.Бублик 34 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін пайдалана білді. Болгариялық спортшы 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың бірде-біреуін жүзеге асыра алмады.

Бұдан бұрын А.Бублик Уимблдон турниріне екі рет қатысып, алғашқы айналымнан аса алмаған еді.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 18-інші, жарыстың 14-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркач немесе рейтингте 66-сатыдағы америкалық Маркос Гиронның біреуімен таласады.

2019 жылы Уимблдонда сербиялық Новак Джокович чемпион атанған еді. Өткен жылы дода пандемияға байланысты өткен жоқ. Биылғы жеңімпаз 1,7 млн фунт стерлинг табады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уиимблдон турнирінде үшінші айналымға өткенін және Юлия Путинцеваның үшінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Есесіне Зарина Дияс жұптық сында Уимблдон турнирін сәтті бастады.


Соңғы жаңалықтар