Әлем Газадағы атысты тоқтатудың бірінші кезеңін құптап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік қауымдастық бейбітшілік жолындағы ілгерілеудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әлем Газадағы атысты тоқтатудың бірінші кезеңін құптап отыр
Фото: Anadolu

АҚШ президенті Дональд Трамптың Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтатудың бірінші кезеңі туралы жариялаған келісімі кең ауқымды халықаралық реакция тудырды.

Бүкіл әлем бойынша көшбасшылар мен ұйымдар бұл келісімді құптап, бұл келісім көптен күткен бейбітшіліктің бастауы болып, Газа секторындағы екі жылға жуық соғысты аяқтайды деген үмітін білдірді.

Жарияланған жоспарға сәйкес, Израиль мен ХАМАС 20 тармақтан тұратын бітімгершілік жоспарының бірінші кезеңін келісті, ол барлық израильдік кепілге алынғандарды босатуды және Израиль әскерлерін келісілген сызыққа дейін біртіндеп шығаруды қарастырып отыр.

Жауап ретінде Израиль 1000-нан астам палестиналық тұтқынды, соның ішінде 2023 жылдың қазанында соғыс қимылдары басталғаннан бері ұсталған жүздеген газалықтарды босатуды міндеттенді.

Құрама Штаттар реакциясы

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім «дипломатияның алып күш салуының» нәтижесі деп мәлімдеді.

- Бұл араб және мұсылман әлемі, Израиль және барлық көрші елдер үшін ұлы күн. Бітімгерлер батасын алды, - деді Трамп Қатар, Мысыр және Түркияның қосқан үлесін атап өтіп. 

Fox News-ке телефон арқылы жауап берген Трамп әлем «адамдардың тіл табысып, Газа қалпына келетінін» көретінін мәлімдеп, «Таяу Шығыста бейбітшіліктің жаңа дәуірі ашылатынына» сенім білдірді.

Ол сондай-ақ келісімді іске асыру бойынша келіссөзге қатысу үшін жақын күндері Мысырға баруы мүмкін екенін тұспалдады.

Израиль

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісімге қол қоюды «Израиль үшін үлкен күн» деп атап, оны тез арада үкіметтің мақұлдауына ұсынуға уәде берді.

- Біз кепілге алынғандарды үйлеріне қайтарып жатырмыз. Мен президент Трамп пен оның командасына осы қасиетті іске адалдығы үшін алғыс айтамын, - деп мәлімдеді Нетаньяху.

Ол Израильдің «барлық мақсатын жүзеге асыруды және көршілерімен бейбітшілікті нығайтуды» жалғастыратынын баса айтты.

ХАМАС және палестиналық ұйымдар

ХАМАС қозғалысының мәлімдемесінде бұл келісім Қатар, Мысыр, Түркия және АҚШ делдалдары әрекеттерінің нәтижесі болғаны айтылды.

- Біз делдалдық күш-жігерді жоғары бағалаймыз және араб және халықаралық серіктестер келісімнің кепілі болады деп үміттенеміз, - деп атап өтті ұйым.

ХАМАС Израильдің талаптарды орындауын бақылауға шақырып, Палестина халқы құрбандықтарының «бекер болмағанын» баса айтты.

Газа секторында орналасқан ХАМАС-пен одақтас палестиналық «Исламдық жиһад» тобы келісімді «үлкен құрбандықтардың нәтижесі» деп атап, «тұтқындардың босатылуы мен бітім – сыйлық емес, қарсыласушы жауынгерлердің батылдығы арқылы жеткен жеңіс» екенін атап өтті.

Қатар реакциясы

Қатар Сыртқы істер министрлігі келісімнің «бірінші кезеңді жүзеге асырудың барлық ережесі мен тетіктерін», соның ішінде кепілге алынғандар мен тұтқындарды босатуды, сондай-ақ гуманитарлық көмекке қол жеткізуді қамтитынын растады.

Қатар СІМ баспасөз хатшысы Маджед әл-Ансари егжей-тегжейлері кейінірек жарияланатынын мәлімдеп, делдалдар соғыс толығымен аяқталғанша күш салатынын атап өтті.

Түркия

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған қол жеткізілген келісімге қанағаттанғанын білдіріп, Трамп және Қатар мен Мысыр делдалдарына алғысын білдірді.

- Түркия келісім шарттарының орындалуын мұқият қадағалайды және 1967 жылғы шекарада астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құруға ұмтылуын жалғастырады, - деп атап өтті Ердоған.

Ол сондай-ақ палестиналықтарға тілектестігін білдіріп, оларды «адам айтқысыз азапқа қарамастан абырой мен төзімділікті сақтап қалған халық» деп атады.

Еуропалық одақ

Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас келісімді «елеулі дипломатиялық серпіліс» және «жойқын соғысты тоқтатудың шынайы мүмкіндігі» деп атады.

- Еуроодақ келісімдердің орындалуына қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», - деп атап өтті Каллас. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келісім орнатылуын құптап, АҚШ, Қатар, Мысыр және Түркияның дипломатиялық күш-жігеріне ризашылығын білдірді.

- Барлық кепілге алынғандар лайықты түрде босатылып, әскери қимылдар біржола аяқталуы керек, - деп мәлімдеді ол. 

Гутерриш БҰҰ-ның гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтуға және Газаны қалпына келуіне көмек көрсетуге дайын екеніне тоқталып, түпкі мақсат екі мемлекетті құру туралы шешімді жүзеге асыру болуы керек екенін баса айтты.

Палестина әкімшілігі

Палестина президенті Махмұд Аббас келісімді құптап, оның екі мемлекетті қағидасын іске асыруға бағытталған қадам болатынына үмітті екенін білдірді.

- Газаның егемендігі Палестина мемлекетіне тиесілі, ал сектор мен Батыс жағалау арасындағы байланыс қалпына келтірілуі тиіс, - деді Аббас.

Ол Трамп және делдалдар - Қатар, Мысыр және Түркияға күш-жігерлері үшін алғысын айтты.

Әлемдік көшбасшылар реакциясы

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер келісімнің «толық және кідіріссіз» орындалуы және гуманитарлық көмекке қойылған шектеулердің алынып тасталуы керек екенін мәлімдеді.

Италия сыртқы істер министрі Антонио Таяни келісімді құптап, Италияның «Газаны қалпына келтіруге қатысуға және қажет болған жағдайда бітімгершілік күштерін орналастыруға» дайын екенін білдірді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл келісім «премьер-министр Нетаньяхудың күшті көшбасшылығын» танытып отырғанын және «ұзақ мерзімді бейбітшілікке жол ашатынын» атап өтті. 

Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим болған оқиғалар «айлар бойы адам төзгісіз азап пен жойылудан кейін үміт нұрын сыйлайтынын» мәлімдеп, жан-жақты және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігін пайдалануға шақырды.

Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз келісімді «жарық нұры» деп атап, «сексен жылдық қақтығыс мен лаңкестіктен кейін зорлық-зомбылықтың зұлымдық циклын бұзуға болатынына» үмітті екенін білдірді.

Жаңа Зеландияның Сыртқы істер министрі Уинстон Петерс «ХАМАС барлық кепілге алынғандарды босатуы, ал Израиль өз күштерін келісілген сызыққа шығаруы тиіс» екенін атап өтіп, мұны «тұрақты бейбітшілік жолындағы қажетті қадам» деп атады.

Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім қашан басталатынын мына материалдан оқи аласыз. 

Соңғы жаңалықтар