Алматы әкімдігі Абай даңғылы неге ашылмай жатқанын түсіндірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімдігі Абай даңғылының Алатау даңғылынан Строительная көшесіне дейін жабылған бөлігі неге ашылмай жатқанын түсіндірді.

Әкімдіктен мәлім еткендей, Алатау даңғылынан Строительная көшесіне дейінгі учаскедегі көлік қозғалысы 29 қыркүйекте ашылуы керек болатын. Алайда Строительная көшесімен қиылыстағы жұмыс кезінде жобада ескерілмеген инженерлік желілер анықталды. Осыған байланысты аталған аумақты ашу мерзімі шегерілді.
«Қазір Строительная көшесінің бойында есепке алынбаған электр және байланыс желілерін алып тастау және су ағызатын құбырларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 16 қазанда Абай даңғылы мен Строительная көшесінің солтүстік жағы, 21 қазанда оңтүстік жағында көлік қозғалысын ашу жоспарды», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Абай даңғылы құрылысының жалғасуына байланысты Алатау даңғылынан Строительная көшесіне дейінгі учаске 19 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін жабылған болатын.
Осыған дейін қала әкімі Ерболат Досаев Абай даңғылын ұзарту жұмыстары қараша айында аяқталатынын жеткізген еді.
Бұдан бөлек, ол Алматыда 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынатынын айтты.