Алматы әкімдігі бұрынғы резиденция орнына салынған сквердегі қоршауларға қатысты түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі Президенттің бұрынғы резиденциясы орнында ашылған жаңа скверді айнала қоршап тұрған темір қоршауларға қатысты түсінік берді.
Қала тұрғындары скверге кіріп-шығатын кезде қолайсыздықтарға тап болып жүргенін айтып жүр.
Сквер мен Тұңғыш Президент қорының саябағын бөліп тұрған қоршау халықты айналып өтуге мәжбүрлейді.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, бұл қоршаулар қауіпсіздік талаптарына сәйкес қойылған.
— Жоба аясында жаңа қоршау орнату жағы қарастырылмаған. Қазіргі қоршаулар сквер құрылысы басталмай тұрып қойылған. Олар жаяу жүргіншілердің көршілес аумақтар арасында қауіпсіз әрі тәртіпті қозғалысын қамтамасыз ету үшін қалдырылған, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2025 жылғы қараша айында Алматыда бұрынғы Президент резиденциясының орнында жаңа сквер ашылған еді. Бұл аз уақыт ішінде қала тұрғындарының жиі баратын демалыс аймағына айналып үлгерді. Бұған дейін Kazinform фототілшісі жаңаша кейіпке енген қоғамдық кеңістіктің қалай түрленгенін көрсеткен еді.
Жаңа сквер Назарбаев даңғылының батысында, Ганди көшесінің солтүстігінде 4 гектардан астам аумақта орналасқан. Қала тұрғындары мұнда түсірілген фото және видеоларын әлеуметтік желілерде жиі бөлісіп жүр.
Сквер аумағына 95 қылқан жапырақты, 228 жапырақты ағаш отырғызылған. Қосымша 469 қылқан жапырақты және 384 жапырақты бұта отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. Көпжылдық өсімдіктерден сәндік композициялар жасалған.
Жуырда скверде тегін мұз айдыны ашылды.