Алматы әуежайының жаңа терминалы жұмыс істеп тұр ма

әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Жуырда ғана салтанатты түрде ашылған Алматы әуежайының жаңа терминалы жұмыс істеп тұрған жоқ». Әлеуметтік желілерде жолаушылар осылай шағым айтып жатыр. Агенттік тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Желіде жаңа терминалға қатысты шағым айтқандардың бірі – белгілі PR-сарапшы Әсел Қараулова.

«Qatar Airways электронды поштаға жаңа терминалдан ұшатынымыз туралы хабарлама жіберді. Әуежайға өзімізше асыға жеттік. Бірақ, бәрі басқаша болды – сол баяғы ескі терминал, ұзын-сонар кезек, қапырық және тағы басқа да «кереметтер». Әдеттегі жағдай. Терминалды пафоспен ашып тастады, ал ол әлі іске қосылмаған. Сондықтан ертерек келіңіздер, адам өте көп», - деп жазды ол парақшасында.

Алматы әуежайының баспасөз қызметі бұл ретте өкпені хабарлама жіберген авиакомпанияға айту керектігін алға тартты. Себебі, «жаңа терминалға халықаралық рейстерді көшіру әлі де жалғасып жатыр».

«Барлық халықаралық рейсті қолданыстағы терминалдан жаңа терминалға біртіндеп ауыстыру жоспарланып отыр. Халықаралық рейстерді жаңа терминалға толық ауыстыру маусым айының ішінде жүзеге асырылады. Рейстерді жаңа терминалға толығымен ауыстырғаннан кейін ескі терминал ішкі рейстер үшін пайдаланылады», - дейді баспасөз қызметінен.

әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Алматылық жолаушылардың шағымына байланысты Азаматтық авиация комитеті де жауап берді. Комитет баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, «Qatar Airways» әуе компаниясы асығыстық танытқан, яғни 3 маусымнан бастап жаңа терминалға көшу туралы электрондық хабарламаларды жолаушыларға мерзімінен бұрын таратқан. Бірақ шетелдік компания жүйелерді интеграциялауға үлгермей, бұл жұмыстар 11 маусымға шегерілген.

«5 маусымда «Qatar Airways» әуе компаниясы жолаушыларға рейстер 11 маусымнан бастап жаңа терминалдан жүзеге асырылатындығы туралы хабарлама жіберді. Жолаушылардың 98%-ы хабарламамен танысқан.

Жалпы 1 маусымнан бастап терминал 54 рейске қызмет көрсетті: 1 маусым – 9 рейс, 5 маусым – 17 рейс. Барлық халықаралық рейсті (күніне шамамен 50 рейс) толық аудару кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 20 маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді комитеттен.

Жаңа терминалға көшу жұмыстары расымен әлі аяқталмаған. Бұған Kazinform тілшісі көз жеткізді. Әуежайдың жалпы аумағында және жаңа терминалдың ішінде кішігірім жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай, құрылыс
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Ұшып келіп, ұшып кетіп жатқан жолаушылар да бар. Бірақ жаңа ғимарат арқылы өтіп жатқан жолаушы көп емес. Ғимарат ішіндегі дәмханалардың біраз бөлігі, дәретхана мен әуе компанияларының тіркеу орындары жабық тұр.

әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
әуежай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Айта кетсек, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары қала әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралап көруден басталған болатын

Алматы халықаралық әуежайының Корпоративтік коммуникациялар департаменті жаңа терминал 1 маусымда іске қосылатынын хабарлады. 

Жаздың бірінші күні Алматы қаласы әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерді қабылдап, әуежай атынан жолаушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Ал 4 маусым күні «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Эр Тунга Эрсойдың қызметінен кеткені мәлім болды. Ертесіне-ақ оның орнына Гокер Косе тағайындалды.

Сондай-ақ ТМД елдері арасында 2023 жылғы «Жылдың үздік әуежайы» байқауының жеңімпазы туралы да оқи отырыңыз.

Соңғы жаңалықтар