Алматы облысы Іле ауданының әкімі тағайындалды
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - ҚР Президенті Әкімшілігінің және Іле ауданы мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша, Алматы облысы әкімінің өкімімен Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов Іле ауданының әкімі болып тағайындалды.

Қайыржан Серікбайұлы 1975 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, ал 2004 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Жамбыл облысында «Жамбылагропромстрой» АҚ құрылыс учаскесінің бригадирі қызметінен бастаған.
Әр жылдары Тараз қаласындағы «Сарыарқа» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының вице-президенті, Алматы қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында ғимараттарды реконструкциялауды және қайта жоспарлауды бақылау бөлімдерінің бас маманы мен басшысы, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары мен департамент басшысы, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары, Алматы облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының полициясында кадрлық ауыс-түйіс болғанын жазғанбыз.
Алматы облысында келесі жылы 38 ауылдың әкімдері қайта сайланатынын хабарлаған едік.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданы әкімі қамауға алынды. Сондай-ақ оның не үшін ұсталғаны белгілі болды.