Алматы облысында жыл соңына дейін Көшпенділер қалашығына жол ашылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында туристік аймақтарға жаңа жолдар салынып жатыр.

Алматы облысында жыл соңына дейін Көшпенділер қалашығына жол ашылады
Фото: Қонаев әкімдігі

Жыл басында Көшпенділер қалашығына жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілгенін жазғанбыз.

Бүгінгі күні жол құрылысы қандай сатыда екенін анықтау үшін жауапты ведомстовоға сауал жолдадық. Алматы облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жауабына сәйкес, қазір Көшпенділер қалашығына апаратын автожолдың құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар шамамен 30%-ы орындалған.

— Құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ұзындығы 6,9 шақырым болатын жол учаскесін пайдалануға беру көзделіп отыр, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, Көшпенділер қалашығы — 2005 жылы көрерменге жол тартқан «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін арнайы салынған. Қалашық Іле өзенінің жағасында, Қапшағай қаласынан 30 шақырымдай жерде орналасқан.

Бұған дейін Алматы облыстағы туристік орындардың бірі — Қайыңды көліне апаратын жол салынатынан жазғанбыз. Жолдың құрылысы 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар