Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайды – сейсмологтер

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Сейсмологтар 4 желтоқсандағы жер сілкінісінен кейін Алматыдағы қазіргі ахуал туралы айтты.

Ерік Әліпұлы
Фото: видеодан салынған скрин

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерік Әліпұлының сөзінше, қазіргі уақытта сейсмикалық ахуал тұрақты.

– 2025 жылғы 4 желтоқсан сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Алматы болжау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атап өтеміз. Алматы болжамды полигоны аумағында MSK-64 шкаласы бойынша қатты жер сілкінісі болмайды, - деді ол.

Еске салайық, Алматыда бүгін, 4 желтоқсанда жер сілкінді.

Жер асты дүмпуінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 277 шақырым қашықтықта, Қытай аумағында жатыр. Алматыда дүмпулер MSK-64 шкаласы бойынша 3 балл деңгейінде сезілді.

Алматы әкімдігі барлық хабарландыру жүйесі штаттық режимде жұмыс істегенін хабарлады.

Алматы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қалада тіркелген жер сілкінісіне қатысты түсінік берді.

Kazinform агенттігі тілшісі қала мен облыс мектептерінің төтенше жағдайға байланысты жұмысы тоқтамағанын білді.

Соңғы жаңалықтар