Алматыда әскери қызметкерлерге қатысты тергеу жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жоғары лауазымды әскери қызметкерлер қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

тюрьма, арест, наручники, суд
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Әлеуметтік желіде қорғаныс саласында жұмыс істейтін бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл дерекке ҚР Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді.

— ІІМ Әскери-тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді, — деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөнінде жалған мәлімет тараған еді.

Кейін Руслан Жақсылықовты қамауға алды деп хабарлағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар