Алматыда бес адамның өмірін қиған өрт: күдікті ұсталды
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда бес адамның қаза болуына әкеп соққан жеке тұрғын үйдегі өртке қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті анықталды.
Алматы полициясының мәліметінше, тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдікті болуы мүмкін әйелдің жүрген бағытын анықтады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктінің қасақана өрт жағып кетуіне жеке бас араздығы себеп болған.
— Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр, — деп мәлімдеді Алматы ПД.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні Бостандық ауданында болған. Өртті сөндіру кезінде үй ішінен бес адамның мәйіті табылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Ал өрттен зардап шеккендер қонақүйге орналастырылды.