Алматыда дарынды балаларға арналған білім беру орталығы салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде тағы бір ірі білім беру жобасы іске қосылады. Алматы қаласында заманауи үлгідегі «Үркер» білім беру орталығы бой көтермек. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлім етті.

оқушы
Фото: Абай мектебі архивінен

Комитет төрағасының айтуынша, жобаның басты мақсаты – дарынды оқушылар мен жастарға тең мүмкіндік беру, сондай-ақ олардың ғылым, өнер, технология және кәсіпкерлік салаларындағы қабілеттерін дамыта отырып, Қазақстанның интеллектуалдық, мәдени және инновациялық өркендеуіне серпін беретін жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру.

– «Үркер» орталығы – дарынды балаларға арналған білім беру жүйесінің жаңа кезеңі болмақ. Мұнда оқушылар халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламалары арқылы ғылыми-зерттеу және шығармашылық әлеуетін дамыта алады, – деді маман. 

Аталған орталық базасында математика, физика, химия, биология, информатика бағыттарында ғылыми мектептер мен зертханалар, стартап-инкубаторлар, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология сынды заманауи салалар бойынша ірі халықаралық компаниялармен серіктестік жобалар жүзеге асады. Сонымен қатар музыка, бейнелеу өнері, кино, театр мен ұлттық өнерді дамытуға да жан-жақты жағдай жасалмақ.

– Бұл – тек білім ордасы ғана емес, еліміздің болашағына қызмет ететін инновациялық, креативті ойлайтын жаңа буынды қалыптастыру алаңы, – деді Қаныбек Жұмашев.

Бұған дейін дарынды жастарға «Болашақ» арқылы бакалавр деңгейінде білім алуға рұқсат берілетінін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум