Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер заманауи форматқа көшеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерді заманауи форматқа көшіру арқылы жаңғырту жұмыстары басталады.

Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер заманауи форматқа көшеді
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, бұл жұмыстар Бостандық және Әуезов аудандарында қолға алынады. Жоба аясында инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.

— Биыл мыңнан астам жәрмеңке өткізу жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Фермерлер мен отандық тауар өндірушілердің өнімдері делдалсыз, тікелей жеткізілетіндіктен, тауарлар орташа нарықтық бағадан 5-15%-ға төмен бағамен ұсынылады, — деді ол.

Олжас Смағұлов
Фото: Алматы әкімдігі

Олжас Смағұлов жаңғырту жұмыстары аясында жәрмеңке алаңдары қаланың дизайн-кодына сәйкес бірыңғай сәулеттік стильде рәсімделетінін атап өтті. Жобада жабық және ашық сауда павильондары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген санитарлық торап, автотұрақ, аялдама кешендері, қоғамдық тамақтану орындары мен көріктендірілген қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.

Пилоттық жоба ретінде «Қазақфильм» шағын ауданындағы жәрмеңке алаңы таңдалды. Бұл аумақта шамамен 100 сауда орны орналастырылып, сауда павильондары жаңартылып, айналасы көркейтіледі. Жұмыстарды биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр.

110 сауда орнына есептелген екінші жәрмеңке алаңы Өтеген батыр көшесі бойында (Абай даңғылының қиылысы маңында) орналасады. Бұл жоба да мамыр айында іске қосылмақ.

— Жобалар жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жәрмеңкелердің әлеуметтік сипаты сақталады: кәсіпкерлер мен жергілікті өндірушілер үшін қолайлы шарттар ұсынылады, қазіргі қатысушыларға сауда орындары бекітіледі, — деп түсіндірді әкім орынбасары.

Еске салайық, Алматы әкімдігі демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер желісін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар