Алматыда екі күннің бірінде ауа сапасы нашарлайды — маман

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматыдағы ауа сапасына қатысты қоғамдық мониторинг нәтижелері таныстырылды.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Almaty Air Initiative қорының директоры Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, биыл 4 айдың 52 күнінде ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелген. Бұл шамамен әр екінші күні ауа сапасының нашарлағанын көрсетеді. Ал небәрі 19 күнде ғана ауа таза деңгейде болған. Кейінгі айларда PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа концентрациясы 44,5 мкг/м³ деңгейіне жетіп, ұсынылған нормадан айтарлықтай асып кеткен.

Мониторинг жүргізу мақсатында Almaty Air Initiative қоры қала бойынша 170 арнайы датчик орнатқан, олардың деректері нақты уақыт режимінде қолжетімді. Жақын арада тағы 30 газ датчигін іске қосу және мобильді өлшеулер жүргізу жоспарланып отыр.

— Зерттеу нәтижелері көлік факторына ерекше назар аударуды қажет ететінін көрсетті. Атап айтқанда, азот диоксидінің (NO₂) деңгейі белгіленген нормадан тұрақты түрде жоғары. Қаладағы автокөліктердің 55%-дан астамы 10 жылдан асқан, ал экологиялық санаты төмен көліктер ауадағы зиян қоспалардың 80%-ын шығарады, — деді ол.

Жұлдыз Сәулебекова
Фото: Алматы әкімдігі

Жұлдыз Сәулебекова жүк көліктерінің үлесін ерекше атап өтті: олар зиянды бөлшектердің 64%-ын шығарады. Орта есеппен бір жүк көлігінің зияны 20 жеңіл автокөлікке тең келеді.

Маман сөзінше, халықаралық тәжірибе тиімді шешімдер қатарында көмірден таза энергияға көшу, көлік шығарындыларын азайту, мониторинг жүйесін жетілдіру және төмен эмиссиялы аймақтарды кезең-кезеңімен енгізу тиімді екенін көрсеткен.

— Бұл тәжірибе жинақталып, қала үшін ұсыныс түрінде беріледі. Қоғамдық бастамалар мен ашық деректер тиімді экологиялық саясат қалыптастыруда жүйелі рөл атқарады, деректер, қоғамдық сұраныс және басқарушылық шешімдер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді, — деді Almaty Air Initiative қорының директоры.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында Алматы мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті.

Биыл 28 сәуірден бастап Алматыда «экологиялық аймақ» пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ кезеңі 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар