Алматыда өртенген хостелде тұрған студенттер қай ЖОО-да оқитын еді
Алматыда өртенген хостелде тұрған 12 студент - алты жоғары оқу орынның студенттері болатын. Бұл туралы Алматы қалалық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Азиз Қажденбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Хостелде тұрған 72 адамның 12-сі студент еді. Олар — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Спорт және туризм академиясы, Энергетика және коммуникациялар университеті, Каспий университеті, Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері болатын», — деді Азиз Қажденбек.
Еске салсақ, Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.
Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
Онда тұрғандардың дені — студенттер мен жас жұмысшылар болған. Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен өрт себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Өрттің шығу себептерін тексеру үшін министр, генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына аттанды.
Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектеседі.
Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.