Алматыда Сейфуллин-Жансүгіров жолайрығы тамыз айында толық ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында салынып жатқан көлік жолайрығының құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталады.

Алматыдағы жолайрық құрылысы
Фото: Алматы әкімдігі

Бастапқыда жобаны 2025 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Алайда құрылыс жұмыстары қазір де жүріп жатыр. Осыған байланысты агенттік Алматының қалалық мобильділік басқармасына сауал жолдады.

— Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс, соның ішінде абаттандыру да тамыз айында толық аяқталады. Қозғалыс барлық бағытта ашық, — деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар ведомство жолайрық жанында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдері жайлы түсінік берді.

— Сейфуллин–Ақпаев және Жансүгіров–Ақпаев көшелерінің қиылысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеделсатысы бар жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер қарастырылған. Ал Сейфуллин мен Иркутская көшесінің, Жансүгіров пен Дарвин көшесінің қиылысында бағдаршаммен реттелетін жер үсті өткелдері бар, — делінген басқарма жауабында.

Жыл басында Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев Сейфуллин мен Жансүгіров қиылысындағы көлік жолайрығының құрылысы 2025 жылдың маусым айында аяқталатынын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, бұл жолайрықтың құрылысы 2017 жылы басталған. Алайда 259 жер учаскесін сатып алу қажеттігіне байланысты жоба ұзаққа созылды. Соңғы учаске тек 2024 жылдың мамыр айында ғана босатылған. Жолайрық толық іске қосылғаннан кейін Жансүгіров көшесімен өтетін көлік ағыны 15%-ға, ал Сейфуллин даңғылы бойынша 20%-ға артады деп күтіледі.

Соңғы жаңалықтар