Алматыда жаңадан алынатын автобустарда жүргізуші кабинасы болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда жолаушыларға қызмет көрсететін тасымалдаушы компаниялар жүргізушіге арналған кабинасы бар автобустарды алуы қажет. Бұл туралы Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы хабарлады.

Өткен жылы желтоқсан айында жолаушы №47 автобустың жүргізушісін ұрып, басқарусыз қалған қоғамдық көлік аялдамадағы адамдарды басып кеткен болатын. Оқиға салдарынан 3 адам қайтыс болды. Осы жағдайға сілтеме жасай отырып, автобустарға қатысты қандай талаптар өзгергенін Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасынан сұрадық. Басқарма Алматы қаласы полиция департаментінен қалада қызмет көрсететін автопарк жұмысына мониторинг пен талдау жүргізу туралы ұсыныс келгенін хабарлады.
- Аталған ұсынысқа сәйкес, Басқарма жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автобус салондарында жүргізуші мен жолаушы арасындағы физикалық байланысты болдырмайтын жүргізушілерге арналған кабиналар жаңа автобустарды сатып алғанда міндетті болуы қажеттілігі туралы Алматы қаласында жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсететін тасымалдаушыларға тиісті хат жолданды, - деп хабарлайды басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін 3 адамның өліміне әкелген автобус апатына байланысты күдікті деп танылған Дархан Ахметжановқа қатысты сот отырысы биыл 20 наурызда басталғанын жазғанбыз.
25 сәуір күні прокурор соттан Д.Ахметжановты кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Бұған дейін сотталушы Ахметжанов 293-баптың 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша ғана кінәсін мойындап, адамдардың өліміне жүргізушіні кінәлаған болатын.
26 сәуір күні сот үкімі шығып, Дархан Ахметжанов 8 жылға сотталды.