Алматыда жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қалада тіркелген жер сілкінісіне қатысты түсінік берді.

Алматыда жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе
Фото: freepik

Қазір ғылыми сейсмологиялық орталық комиссиясы жиналып, жағдайды талқылап жатыр.

— Сейсмологтар комиссия қорытындысынан кейін нақты болжамды жариялайды, — деп мәлімдеді қалалық төтенше жағдайлар департаменті.

Сағат 13:10–дағы жағдай бойынша полиция департаментінің патрульдік көліктері мен өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары қала аумағын аралап тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Гидробекет бақылаушылары және инженерлік-техникалық мамандар алгоритмге сәйкес өзен арналарын және нысандарын тексеріп жүр.

ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арналарының, гидротехникалық құрылымдардың, сондай-ақ көшкін және сел қаупі бар аймақтарды бақылауға алған.

Сонымен қатар тұрғындарды қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының зақымданғаны-зақымданбағанын анықтау үшін визуалды тексеріс қолға алынды. Қазіргі уақытта аталған нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр.

Зардап шеккендер немесе қираған ғимараттар туралы ақпарат түскен жоқ.

Сонымен қатар жер сілкінісіне байланысты халыққа жедел психологиялық көмек көрсету мақсатында «сенім телефоны» жұмыс істеп тұр:
• 8 (727) 278 20 83;
• 8 (727) 278 20 84.

Еске салайық, Алматыда бүгін, 4 желтоқсанда жер сілкінді.

Жер асты дүмпуінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 277 шақырым қашықтықта, Қытай аумағында орналасқан. Алматыда дүмпулер MSK-64 шкаласы бойынша 3 балл деңгейінде сезілді.

Соңғы жаңалықтар