Алматыдағы хостелде болған өрт ісі бойынша апелляциялық сот шешім шығарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өртке қатысты жәбірленушілер мен сотталушылардың апелляциялық шағымы қаралды.

хостел
Фото: Александр Павский/Kazinform

Биыл шілдеде бірінші сатыдағы сот Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяровты 5 жылға, «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельникті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.

Апелляциялық отырыс кезінде адвокаттар өз қорғаушыларының кінәсіз екенін айтып, бірінші сатыдағы соттың үкімін жоюды сұрады. Олар сот алғашқы инстанцияда қорғаушы тараптың уәждерін ескерусіз қалдырғанын айтты.

Ал прокуратура өкілі үкімді өзгеріссіз қалдыруды өтінді.

Барлық тараптың уәжін тыңдағаннан кейін сот мынадай шешім қабылдады:

• Әділбек Мұхамедьяровқа қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды;
• Александр Пекельникке қатысты үкімнің тек моральдық өтемақы бойынша бөлігі өзгерді — жәбірленушілерге А. және А. 7 миллион теңге төлеу туралы шешім күшін жойды.

Жәбірленушілердің азаматтық талабы қараусыз қалдырылды.

Еске салайық, 2023 жылы 30 қарашада Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген еді. Оның салдарынан хостелде 13 адам мерт болды.

Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдік (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматы.

Кейінірек өртенген хостелдің иесі белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған — «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған

2023 жылы желтоқсанда хостелдің басшысы ұсталды.

Соңғы жаңалықтар