Алматының басты көшелерінің бірінде жаңа автобус жолағы пайда болуы мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзетуге арналған қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр.
Қоғамдық талқылаулар барысында Алматыдағы басты көшелердің бірі — Әл-Фараби даңғылында бағдаршам қойылып, BRT желісі салынуы мүмкін екені айтылды. Мұндай өзгеріс алматылықтар арасында қызу талқыланып, көпшілік әлеуметтік желілерде наразылық білдірді. Адамдар арасында «кептелістен көз ашпайтын көшеде бағдаршам қою — жағдайды тіптен қиындатады» деген сынды пікірлер бар.
Бүгін, қоғамдық талқылаулардың екінші күнінде «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов бұл сұраққа жеке тоқталып, қоғамдық көлікке басымдық бермей кептеліс мәселесін шешу мүмкін еместігін түсіндірді.

— Егер біз қаланы дамытып, экологиялық жағдайды жақсартқымыз келсе, қоғамдық көлікке отыруымыз керек. Қазір көпшілік жүргізуші көзқарасымен қарайды, бірақ қалаға қоғамдық көлікке басымдық беретін түбегейлі қадам қажет. Сонда ғана кептеліс мәселесін азайта аламыз, — деді ол.
Оның айтуынша, Әл-Фараби даңғылы ұзақ уақыт бойы жылдам әрі бос көлік дәлізі ретінде саналып келген. Бірақ қазір көшедегі ахуал өзгерген.

— Көпшілік Әл-Фарабиде жылдамдық 80 км/сағат және бағдаршам жоқ деп сол бағытқа ұмтылады. Басында бұл жүйе жұмыс істеді, бірақ кейін сұраныстың артуы кептеліске алып келді. Бүгінде бұл көшеде үнемі кептеліс болады. Мәскеу мен ондағы айналма автожолдың тәжірибесі көрсеткендей, бос көлік дәлізі пайда болған сәтте барлығы сол бағытқа ағылады. Әл-Фараби даңғылы да бүгінде осы мәселені бастан кешіп отыр. Жалғыз шешім — қоғамдық көлікті дамыту. Біз осы ұстанымды ұстанамыз, — деді институт директоры.
Асхат Сәдуов Әл-Фараби даңғылындағы қозғалысты ұйымдастыру тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтты.

— Жеке пікірім — Әл-Фарабиге бағдаршам орнату керек. Қазір бұл көшені «адамдарға ыңғайлы ету» жоспары әзірленіп жатыр. Көптеген елдегідей, болашақта бұл жерде жылдам жүретін қоғамдық көлік дәліздері пайда болуы да мүмкін, — деді ол.
Ертең Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету бойынша қоғамдық талқылаулардың қорытынды күні болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа метро желілерінің жобасы таныстырылды.