Алтын кенішіндегі апат: қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді
Майқайыңдағы алтын кенішіндегі ойыққа құлап, қаза тапқан азаматтарды жерлеу рәсіміне кәсіпорын 2 млн теңгеден бөлді деп хабарлайды Kazinform.

«Майқайыңалтын» АҚ кәсіпорны кеше ойықтағы топырақ астынан мүрделері қазылып алынған марқұмдар Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леонидовичтің отбасыларына 2 млн теңгеден бөлді.
«Бұл қаражат марқұмдарды жерлеу рәсімі үшін беріліп отыр. Акционерлік қоғамның бас директоры Қуаныш Ботин қаза болғандардың отбасыларына өтемақы жеке төленетінін, оның мөлшері комиссия шешімінен соң белгілі болады деп хабарлады», — деп жазды ведомстводан.
Айта кетейік, Павлодар қаласынан 140 шақырым жерде апатқа ұшыраған автобус ішінде болғандардың үшеуі Майқайың кентінен, біреуі Екібастұз қаласынан.

Еске сала кетейік, кеше «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.
Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.
Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі.
